Әзірге грек-рим күресінен ҚР ұлттық құрамасы Азия чемпионатында үш жүлде иеленіп үлгерді.
Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия біріншілігінде грек-рим күресінің балуаны Алматбек Аманбек үздік шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
72 келіде сынға түскен отандасымыз шешуші белдесуде Иран балуаны Мохаммад Резаиді мерзімінен бұрын жеңді. Кездесудің алғашқы кезеңінде парсы балуанының партердегі қателігін оңтайлы пайдаланған Алматбек құрлық бірішілігінің алтынына қол жеткізді.
Әзірге грек-рим күресінен ҚР ұлттық құрамасы Азия чемпионатында үш жүлде иеленіп үлгерді. Турнирдің үшінші жарыс күнінде 82 келіде Ибрагим Магомадов қола жүлде үшін күресте Қытай балуанынан басым түсті. Сонымен бірге, кеше 87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Айта кететін жайт, классик балуандар арасында Ербол Камалиев (60 кг) пен Қаһарман Қисметов (77 кг) қола жүлде үшін күресте есе жіберіп, чемпионатты бесінші орынмен аяқтады.