Қазақстан құрамасында потенциал толық ашылмады дейді бұрынғы бас бапкер.
Футбол жаттықтырушысы Станислав Черчесов Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып жұмыс істеген кезеңді еске алып, сол тұстағы тәжірибесі мен кей ойыншыларға қатысты пікірін бөлісті. Бұл туралы ол YouTube-арнадағы «Футбол жолы» бағдарламасына берген блиц-интервьюінде айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Мен Қазақстанда жақсы уақыт өткіздім. Команданы қалыптастырумен айналыстық. Бастап кеткен жүйеміз, негізінен, сол күйінде қалады деп ойлағанмын, алайда кейін қайтадан бес қорғаушылық схеманы қолдана бастады, ол ешқандай пайда әкелген жоқ. Сол кезде мен бұл жолдың нәтиже бермейтінін айтқан едім», – деді Черчесов.
Сонымен қатар ол сол кезеңде ойын потенциалы байқалған жастарға да тоқталды:
«Бірақ жастар пайда болды, Анарбеков ойнады – мен оны шақырған едім, сондай-ақ Ғалымжан Кенжебек те көрінді. Потенциал бар, бірақ оны толық ашып үлгермедік, тек алғашқы қадамдар жасалды», – деп атап өтті бапкер.
Айта кетейік, Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен 2025 жылғы қаңтарда кеткен. Сол уақыттан бері ол құрамадан кету себептері мен ішкі жағдайларды бірнеше рет бөліскен.