30.01.2026, 18:40

Роналду «Манчестер Юнайтедті» сатып алуы мүмкін

Фото: sportsbook.kz

Криштиану Роналду кәсіби мансабын аяқтағаннан кейін футбол клубтарының бірінің бақылау пакетін сатып алуы мүмкін.

Sickfutbols басылымының жазуынша, португалиялық жұлдыз соңғы маусымын қай клубта өткізсе, инвестицияны да сол командаға салуы ықтимал. Сол арқылы Роналду клубтың танымалдығы мен коммерциялық тартымдылығын арттыруды көздейді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

БАҚ беттерінде футболшы сатып алуы мүмкін клубтар аталып жатыр. Олардың барлығы дерлік Роналдудың мансабындағы маңызды кезеңдермен тікелей байланысты. Негізгі үміткерлер қатарында оның футболдағы жолы басталған лиссабондық «Спортинг», жұлдыз ретінде қалыптасуына үлкен әсер еткен «Манчестер Юнайтед», қазіргі клубы – «Әл-Наср», сондай-ақ Испанияның «Валенсия» және «Хетафе» командалары бар.

Роналду кәсіби мансабын «Спортингтің» негізгі құрамында 2002/03 маусымында бастаған. Оның алғашқы командалық жүлдесі – 2002 жылғы Португалия Суперкубогы. Лиссабон клубының сапында ол 31 матч өткізіп, 5 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген. Осы кезеңнен кейін мансабындағы шешуші қадам жасап, «Манчестер Юнайтедке» ауысты.

Ағылшын клубында Роналду екі кезеңде – 2003-2009 жылдары және 2021/22 маусымында ойнады. Осы аралықта ол үш мәрте премьер-лига чемпионы атанып, 2008 жылы Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Сондай-ақ Англия кубогы мен Англия лигасы кубогын да олжалады.

Жалпы, португалиялықтың еншісінде Чемпиондар лигасындағы бес жеңіс, клубтар арасындағы әлем чемпионаты, УЕФА Суперкубогы және Англия, Испания, Италия чемпионаттарындағы алтын жүлделер бар. Бұл табыстар «Манчестер Юнайтед», «Реал» және «Ювентус» сапында тіркелген.

Қазір Криштиану Роналду Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубында өнер көрсетіп жүр. Ол – команданың негізгі шабуылшысы әрі капитаны. Португалиялық футболшы бұл ұжымға 2023 жылдың басында қосылған.