30.01.2026, 13:20

Тарихи жетістік: 17 жастағы қазақ баласы Australian Open турнирінің жартылай финалына шықты

Фото: ҚТФ

Бүгін осындай ауыр матчта жеңіске жеткеніме қуаныштымын.

17 жастағы қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы Australian Open турнирінің жасөспірімдер арасындағы жекелей сынында жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ширек финалда ол ITF Juniors рейтингінде 48-орында тұрған Гонконг өкілі Кай Томпсонмен кездесіп, тартысты матчта жеңіске жетті. 2 сағат 50 минутқа созылған ойында қазақстандық спортшы 3:6, 7:6 (7:4), 6:4 есебімен қарсыласынан басым түсті.

Осылайша Заңғар Нұрланұлы Қазақстан тарихында алғаш рет Australian Open турнирінің жасөспірімдер арасындағы жекелей сынында жартылай финалға шыққан тұңғыш қазақ теннисшісі атанды.

Айта кетерлігі, матч барысында Заңғардың аяғының бұлшық еті құрысып, қозғалуына қиындық туса да, ол кездесуді соңына дейін жалғастырып, жеңісті жұлып алды.

“Бүгін осындай ауыр матчта жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Келесі ойынға дейін жарақатымды емдеп, бабымa келуге тырысамын. Жартылай финалға шығу бір мақсатым еді. Енді Australian Open турнирінде чемпион атанғым келеді”, – деді теннисші.

Жартылай финалда Заңғар Нұрланұлы финал жолдамасын америкалық Китан Ганс пен Қытай Тайбэйі өкілі Куан Чоу Чен арасындағы кездесудің жеңімпазымен сарапқа салады.