29.01.2026, 12:20

«Қайрат» Чемпиондар лигасынан қанша табыс тапқаны белгілі болды

Фото: meta-ratings

Команда 8 ойынға қатысып, оның 7-еуінде жеңіліп қалды. 

Алматының «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымында топтық кезеңге қатысып, қомақты табыс тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жалпы кезеңде қазақстандық клуб сегіз матчта бір ғана ұпай жинады. Команда Кипрдің «Пафос» клубымен тең ойнап (0:0), қалған жеті кездесуде жеңіліс тапты: Португалияның «Спортингінен» (1:4), Испанияның «Реалынан» (0:5), Италияның «Интерінен» (1:2), Данияның «Копенгагенінен» (2:3), Грекияның «Олимпиакосынан» (0:1), Бельгияның «Брюггесінен» (1:4) және Англияның «Арсеналынан» (2:3).

Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққаны үшін «Қайрат» 18,62 миллион еуро (11,23 миллиард теңге) табыс тапты. Ал жалпы кезеңдегі бір тең нәтиже клуб қоржынына қосымша 700 мың еуро (422,1 миллион теңге) әкелді. Осылайша, клубтың жиынтық табысы 19,32 миллион еуроны (11,65 миллиард теңге) құрады.

Еурокубок маусымы аяқталғаннан кейін бұл сомаға телетрансляция және маркетингтік құқықтарды сатудан түсетін қосымша төлемдер де қосылады.