18.01.2026, 16:30

«Шавкат Рахмонов - Ислам Махачев үшін ең қауіпті қарсылас»: Экс-чемпион күтпеген мәлімдеме жасады

Фото: instagram/ufceurasia

Туменовтің пікірінше, Рахмонов - дивизиондағы ең мықтылардың бірі.

ACA ұйымының экс-чемпионы Альберт Туменов UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев үшін қазіргі таңда ең қиын қарсылас қазақстандық Шавкат Рахмонов болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап. 

Туменовтің пікірінше, Рахмонов - дивизиондағы ең мықтылардың бірі.

«Менің ойымша, Ислам үшін ең ең қауіпті қарсылас - Шавкат Рахмонов. Камару Усманның жасы келді, қазір қаншалықты бабында екенін айту қиын. Егер ұйымдағылар қаласа, Рахмоновты бірден осы жекпе-жекке шығара алады. Бірақ оған алдымен тағы бір кездесу өткізу керек деп естігенмін. Ауыр жарақат пен ұзақ үзілістен кейін бұл дұрыс шешім де шығар. Шавкат әлі жас, чемпиондық белбеуге асықпай, біртіндеп келе алады. Егер оны қазір Махачевпен шығарса, кейбіреулер «ол әлі лайық емес» деп сынауы мүмкін, алайда жанкүйерлердің басым бөлігі бұл жекпе-жекке қуанатыны анық», - деді Туменов.

Қазіргі таңда UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде екінші орында тұрған Шавкат Рахмоновтың еншісінде 19 жеңіс бар және ол мүлде жеңілмеген. Ал Ислам Махачев кәсіби мансабында 28 рет жеңіске жетіп, бір рет жеңіліс тапқан.