09.01.2026, 14:00

«Менің бір қуанатыным»: Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне үн қатты

Фото: instagram.com/qazaqstyle

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты жанкүйерлерге үн қатты. Ол В сынамасының ресми нәтижесі жарияланбай тұрып, әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Боксшы алдымен өзін қолдап отырған жанкүйерлерге алғыс айтты:

«Қолдап жатқан спортшы бауырларым мен жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамын. Шетелдіктер дауға қуанып жатқанда, өз қазағым қасымнан табылып, таза екенімізге сенім білдіріп жатқаны жаныңа демеу болады екен. Менің бір қуанатыным – бокс мансабымда жаман жанкүйер жинамаппын. Қиындықта да қолдайтын нағыз жанкүйерім бар. Бұл спортшы үшін үлкен бақ», – деп жазды ол.

Айта кетейік, желтоқсан айына жоспарланған кезекті жекпе-жек алдында алынған допинг сынамасының нәтижесі бойынша дау туындаған болатын. Осы жағдайға байланысты Жәнібек Әлімханұлы да өз ұстанымын ашық жеткізді:

«Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Таза спортты үнемі насихаттап келемін», — деді чемпион.

Осы оқиғаға байланысты орта салмақтағы жылдың басты айқасы – Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек ресми түрде өтпейтіні белгілі болды. Қазіргі таңда Лара WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы саналады.