Қазір жас жұлдыздың жасы – 17 жас, 110 күн.
Футболшыға Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол соққан ТОП-3 ойыншының қатарына кіруге мүмкідік туып тұр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан ұлттық құрамасы мен алматылық «Қайраттың» шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа бұл межені бағындыру қиынға соқпайды. Жалпы алғанда аталған матч оның мансабындағы тарихи ойынға айналуы ықтимал.
Егер Сәтпаев Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің бесінші турындағы «Копенгагенге» қарсы ойында гол салса, ол турнир тарихындағы ең жас мергендердің бірі атанбақ.
Негізінен, турнирдің рекорды Ансу Фатиге тиесілі. Ол 2019 жылы «Интер» қақпасына 17 жас 40 күнінде гол соғып, қуанышын тойлаған болатын. Екінші орынға Ламин Ямал жайғасқан, жас жұлдыз 2024 жылы «Монако» қақпасынан 17 жас 68 күн болғанда саңылау тапты. Дәл қазір үшінші орында «Антверпен» ойыншысы Джордж Иленихена тұр. Аталған ойыншы 17 жас 119 күнінде «Барселонаға» қарсы матчта мергендігімен танылған еді.
Еске салайық, «Копенгаген» мен «Қайрат» арасындағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясындағы бесінші туры бүгін Дания астанасындағы «Паркен» стадионында өтеді.