Марқұмдардың үшеуі де – Астанада Бирман боксынан өткен Азия чемпионатына қатысқан жас спортшылар.
Абай облысының Бесқарағай ауданында 2 қараша күні болған жантүршігерлік жол апатында үш студенттің қаза табуы елді дүр сілкіндірген еді. Қайғылы оқиғадан кейін марқұмдардың бірі – Азия чемпионы Нұрмағамбет Тұрарбековтің ағасы әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, жол-көлік оқиғасына дейінгі жағдайды егжей-тегжей баяндады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Марқұмдардың үшеуі де – Астанада Бирман боксынан өткен Азия чемпионатына қатысқан жас спортшылар. Солардың бірі, алтын медаль иегері Нұрмағамбет Тұрарбеков апаттан бір күн бұрын ғана чемпион атанған.
«Жол апаты 2 қараша күні таңғы 05:30 шамасында болды. Қайғылы оқиға салдарынан Азия чемпионы Нұрмағамбет Тұрарбеков, күміс жүлдегер Рефхат Оңдабай және Рустамбек Абдималиков қаза тапты. Олар чемпионаттан кейін Семейге қайтып бара жатқан еді», – дейді видео авторы.
Оның айтуынша, Астанада өткен жарысқа Семейден 22 спортшы мен 2 жаттықтырушы барған. Бірақ жолға шыққан сәттен бастап-ақ талаптар мен қауіпсіздік ережелері өрескел бұзылған.
«Бауырым маған екі адамды “жаттықтырушымыз” деп таныстырды. Сондай-ақ бір демеушіні көрсетті. Бірақ ең таңқаларлығы – 22 бала бір ғана көлікпен келген. Адам сыймағандықтан, үш спортшы жолда аяқ қойылатын жерге жатып келген. Азия чемпионатына бара жатқан команда осылай жеткеніне сену қиын», – дейді ол.
Жарыс аяқталысымен, спортшыларға демалыс берілмей, сол күні кешке қайта жолға шығуға тапсырма берілген.
«Бауырыма демалып, ертең жолға шығыңдар дедім. Бірақ жаттықтырушылардың бірі де қалмай, бәрін бірден алып кетеміз деді. Сол күйі 1 қараша күні сағат 22:00-де Семейге жолға шыққан. Алайда қаза болған үш бала шағын автобусқа емес, Toyota Avensis көлігіне мінген. Оның иесін бауырыма жаттықтырушы деп көрсеткен. Жолдастарының айтуынша, Нұрмағамбет бастапқыда бұл көлікке мінгісі келмеген. Оның орнына бір бойжеткен отыруы керек болған, бірақ “сен қыздардың арасында бармай-ақ қой” деп, оны автобусқа жіберіп, бауырымды күштеп мінгізген. Бұл қаншалықты заңды?» – деп сұрайды ағасы.
Оның айтуынша, апат кезінде рөлде жаттықтырушы емес, жарыстан шаршап тұрған Рефхат отырған.
«Жаттықтырушы рөлді өзі емес, Рефхатқа ұстатқан. Балаларға жауапты адам осындай қадамға баруы — үлкен салғырттық. Егер демеушілер ақша бөлген болса, неге спортшыларға дұрыс көлік қарастырылмаған? Тіпті Астанадағы жатын орын мен тамақтың ақшасын да балалар өз қалталарынан төлеген. Жаттықтырушылар олардың жағдайына мүлде алаңдамаған», – дейді ол.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде тараған «қаза тапқан отбасыларға материалдық көмек берілді» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
«Үш марқұмның біреуі – Өзбекстан азаматы. Мүмкін сол отбасыға көмек берілген шығар. Бірақ біздің отбасыға ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Көмекке мұқтаж емеспіз, бірақ жалған ақпарат таратудың қажеті жоқ», – деді видео авторы.