05.11.2025, 13:40

Абай облысында жол апатынан қаза тапқан студенттердің бірі – Азия чемпионы екені белгілі болды

Фото: Alikhan Bokeikhan University

Студенттер ресми шақыру хат негізінде чемпионатқа қатысуға жіберілген.

Абай облысында үш студенттің өмірін қиған жол апатына қатысты жаңа дерек белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жол-көлік оқиғасынан көз жұмғандардың бірі - Қазақстан құрамасы атынан аралас жекпе-жек бойынша өнер көрсеткен 19 жастағы Нұрмағамбет Тұрарбеков екені анықталды. Ол командаластарымен бірге Астанада өткен Азия чемпионатынан Семейге келе жатқан.

Alikhan Bokeikhan University мәліметінше, студенттер ресми шақыру хат негізінде чемпионатқа қатысуға жіберілген.

- Азия чемпионатына қатысу туралы ресми хат келгеннен кейін студенттерді сабақтан босатып, жарысқа қатысуына рұқсат бердік. Өкінішке қарай, жарыстан кейін осындай қайғылы оқиға болды. Олар спортқа ынталы, оқу мен спортты қатар алып жүрген жастар еді, - деді университеттің проректоры Азамат Азатов.