31.10.2025, 17:00

«Футбол клубының басшыларына тергеу жүргізіледі» - спорт журналисі Ермұхамед Мәулен

Фото: видеодан скрин

"Аты-жөндерін де білемін".

Спорт журналисі, белгілі комментатор Ермұхамед Мәулен футбол клубтарын құзырлы органдар тексеретінін айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Журналист Әлімжан Асқарға берген сұхбатында отандық футболдың айналасында ешқандай ресми қызмет атқармайтын, бірақ сырттан ықпал ететін адамдардың көп екенін айтты.

”Қазақстан чемпионатының соңғы 2-3 туры өте жақсы өтті деп айтуға болады. Оған дейінгілеріне жауап бере алмаймын. Неше түрлі нәрсе болып жатыр. Бірақ қазір өзім білетін нақты бір ақпаратты сенімді түрде айта аламын. Қазір Қазақстанда футбол айналасындағы адамдардың барлығы тексерілуде. Құзырлы органдар бұл мәселені ретке алып жатыр. Жуырда, 3-4 айда, бәлкім жарты жылда бұның нәтижесі интернетке шығады. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Бізде еліміздегі келісілген матчтар, жалақылар бойынша парламентте, сенат қабырғасында, мәжілісте де айтылды. Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловқа сауал жолданды. Абзал Құспан ресми түрде парламентте айтты. Қазақстан Футбол федерациясының президентінің өзі Марат Омаров “Келісілген матчтар бойынша төртінші орындамыз” деп өзі айтып отыр. Бұл — спорт радар агенттігінің айтуы бойынша факт ретінде қалыптасып кетті. Бірақ ол әлеуметтік зерттеудің арқасында шығып отырған дүние болғаннан кейін 100% болмауы да мүмкін. Өте ауыр тақырып. Қалжыңдайтын дүние емес. Ек-үш депутат, құзырлы органдар айналысып жатса, Бас прокуратура бұл іске жұмылдырылса, мен бұл жағдайдан міндетті түрде жауап күтемін. Расын айтқанда, әңгіме футбол клубтарын басқарып отырған азаматтарға барып тіреледі. Қазақстандағы кейбір футбол клубтарын ресми директорлар да басқармайды. Өздері ешқандай ресми қызметке тұрмаған, бірақ барлығын телефон арқылы сырттан басқарып отыратындар бар. Ал оларды қалай соттауға болады? Олардың қатысы жоқ қой. Өздерінің ортасында не айтқанын біз қашанғы зерттеп жүреміз?! Дегенмен, ықпал ету деген мәселе бойынша да қаралып жатыр. Қазақстанның солтүстігіндегі, солтүстік-шығысындағы кейбір клубтың басшылығы және оларға ықпал етіп отырған азаматтар қазір тергеуге алынады. Аты-жөндерін де білемін. Түбінде олар жауап беруі тиіс. ҚФФ-да ірі өзгерістер орын алады деген ойдамыз. Өйткені, қазір өте қиын жағдайда. Үлкен мінбердегі азаматтар да ұлттық құраманың бапкер мәселесі әлі дұрыс шешілмегенін түсіну керек. Кейбір мәселелерді моральдық тұрғыдан қылмыс ретінде қарауға болады. Қаншама халық көріп отырғн Ұлттық құраманың тағдырымен осылай ойнау — жауапкершілікке алып келуі тиіс”, — дейді ол.

Сондай-ақ, Ермұхамед Мәулен Станислав Черчесовтің кетуіне де өзге күштер әсер еткенін мәлімдеді.

”Қазір ҚФФ алғысы келіп отырған бапкерлер 3-4 млн еуро жалақы алатын азаматтар. Кезінде 1 млн еуро жалақы алған Черчесовті біз қалай итпен қуалап шыққанымызды білесіздер. “Қазақша білмейді” деген секілді неше түрлі кір-қоқысты үстіне жақтық. Бірақ адамның пікірі өзгеріп тұрады. Менің ойымша, Черчесов қалу керек еді. Дәл қазір осылай айта аламын. Ал, оның орнына Италия немесе Испаниядан бір маман келіп, гүл қылып кетсе, мен олай айтпас едім. Қазір салыстырмалы теория бойынша сараптама жасасақ, Черчесов қала бергені дұрыс екен ғой деп ойлап отырмын. Оның өзінен де қателіктер болды. Өзін бұқаралық ақпарат құралдары алдында дұрыс ұстамады. Тілінен де тапты. Ұлттық құраманың нәтижелері де нашар болып жатты. Черчесовтің кетуіне және оның айналасындағы дауды ушықтыруға сыртқы күштер әсер етті. Федерацияның қызметіне, басшылығына ұмтылып, таласып отырғандар бар ғой. Мысалы, қазір де ҚФФ-на президент болып, футболды жаулап алғысы келетін 2-3 клан бар”, — дейді ол.

 

Тегтер: тергеу спорт