Алаң иелері қарсыластың қақпасына төрт бірдей жауапсыз гол соқты
Алматылық «Қайрат» бүгін Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ) 24-туры аясында өз алаңында талдықорғандық «Жетісуды» 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Кездесудің тағдыры іс жүзінде алғашқы таймда-ақ шешіліп қойған еді. Алаң иелері қарсыластың қақпасына төрт бірдей жауапсыз гол соқты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
9-минутта 17 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев пенальтиден есеп ашты. Араға 11 минут салып португалиялық Жоржиньо есепті еселесе, 35-минутта ол дубль авторы атанып, есепті ірі көрсеткішке жеткізді. 43-минутта бразилиялық Эдмилсон Сантос соққан голдың арқасында есеп 4:0 болды. 90-минутта Азамат Тұяқбаев матчтың нүктесін қойды – 5:0.
Бұл жеңістен кейін Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері 55 ұпайға ие болып, турнирлік кестеде 53 ұпайы бар «Астананы» басып озды да, көш басына шықты. Ал Самат Смақов жаттықтыратын «Жетісу» 21 ұпайымен 11-орынға сырғыды.