Ол жақта өз еліңді көрсету оларға ұнамайды екен.
Qazaq Titan лақап атымен танылған кәсіби боксшы Алмат Жұман көк туды көтергені үшін жекпе-жектерден қағылғанын айтты. Боксшы Pulse Fighting You Tube арнасына берген сұхбатында BKFC-тегі кездесулері не себепті тоқтап қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
“BKFC-тегі алғашқы жекпе-жегім жақсы өтті. Америкалықпен спортшымен шықтым. Үлкен аренада өтті, адам көп болды. Голливуд қаласында өтті. Бір раундта 3 рет нокдаунға түсірдім. Үшінші нокдаунда ол тұра алмай қалған соң төреші жекпе-жекті аяқтап, жеңіске жеттім. Мені жақсы қабылдады, сұхбат та алды. Дегенмен қазіргі уақытта BKFC-дегі жекпе-жектерім тоқтап қалды. Өйткені ол жерде мен өзіміздің туды алып шықтым. Маңдайыма да Қазақстанның туын байлап шықтым. Сұхбатта да “қазақпын” деп көп айттым. Сол әрекеттерім америкалықтарға жақпай қалды. Мені кішкене ығыстырып, жекпе-жек бермей жатыр. Менеджерлер сен туды алып шықтың деп жатыр. Ол жақта өз еліңді көрсету оларға ұнамайды екен. Сол үшін қазір мені қысып жатыр. Болашақша көреміз, жекпе-жек өткізіп қаламын деп үміттенемін. Кез келген BKFC-дің чемпионы болсын, басқасы болсын, кездесуге дайынын. Жақсы дайындалып жүрмін, жеңемін. Қарсылас таңдамаймын. Олардың өздеріне де мықтыларын беріңдер деп айтқанмын. Жауап күтіп жүрмін”, — дейді ол.
Сондай-ақ, Алмат Жұман Конор Макгрегормен де жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтты.
”Конормен жекпе-жек өткізсек жақсы болар еді. Қазір оның салмағы мен менің салмағым бірдей. Мүмкін емес нәрсе жоқ қой. Конормен жекпе-жекке ойланбастан шығатын едім. Жалаң қолмен, күреспей, қан болып төбелескеннің өзі бір бақыт қой”, — дейді ол.
BKFC – ағылшынша Bare Knuckle Fighting Championship дегеннің қысқартылған түрі. Қазақшаға аударғанда “жалаң қолмен жекпе-жек чемпионаты” дегенді білдіреді. Мұнда спортшылар қолғап кимей, тек жұдырықтарын бинтпен орап шығады. Ережесі боксқа ұқсас, бірақ қолғапсыз өткендіктен жекпе-жектер өте қысқа әрі қарқынды болады.