29.09.2025, 18:00

«Әлсіз тұстары жоқ емес»: Қайраттың бас бапкері «Реалға» қарсы матч алдында пікір білдірді

Фото: ФК Қайрат

"Бұл — біздің ғана емес, ел футболы үшін тарихи кездесу".

Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының екінші турындағы мадридтік «Реалға» қарсы матч алдында пікір білдірді, деп хабарлайды  Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кездесу 30 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Ойынның басталу уақыты — 21:45 (жергілікті уақытпен).

Бапкердің айтуынша, бұл ойын тек клуб үшін емес, бүкіл Қазақстан футболы үшін маңызды оқиға болмақ.

«Бұл — біздің ғана емес, ел футболы үшін тарихи кездесу. «Реал Мадрид» секілді даңқты клубтың Қазақстанға келгеніне қуаныштымыз. Мұндай қарсыласқа қарсы ойнау үлкен тәжірибе әрі нағыз футбол мерекесі», — деді Уразбахтин.

Сонымен бірге, ол қарсыласты мұқият зерттеу барысында «Реалдың» аз да болса әлсіз тұстарын байқағанын жасырмады.

«Біз «Реалдың» соңғы бірнеше ойынын сараладық. Әрине, оларда қателік көп емес, бірақ кез келген клубтың әлсіз жақтары болады. Сол мүмкіндіктерді пайдалану — біздің міндет. Ең бастысы, қорықпай, жанкүйерлердің алдында батыл ойнап, өзіміздің ойын мәнерімізді көрсетуге тырысамыз. Біз алаңға алдын ала жеңілу үшін шықпаймыз», — деді бапкер.

Айта кетейік, өткен турда «Реал» сырт алаңда мадридтік «Атлетикодан» 2:5 есебімен жеңіліп, маусымдағы алғашқы сәтсіздігін тіркеген еді.