29.09.2025, 13:00

«Түгел брондаған»: Алматыда «Реал Мадрид» тоқтаған қонақүйде бос орын қалмады

Фото: видеодан скриншот

Жанкүйерлері де қонақ үйді жаулап алған. 

Әлемнің ең мықты клубтарының бірі саналатын "Реал Мадрид" Алматыға келген бойда бүкіл қала назарын өзіне аударды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы baq.kz сілтеме жасап. 

Команданың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, футболшылар InterContinental қонақүйіне жайғасты.

Алайда қонақүйге бөлме брондау мүмкін болмай қалған. БАҚ деректеріне қарағанда, мадридтік ұжым бес жұлдызды отельді түгелдей жалға алған.

Жанкүйерлер түн ортасына дейін қонақүй алдында жиналып, сүйікті ойыншыларын бір сәтке де жібермей жүргенін Telegram-арналар жарыса жариялап жатыр. Тіпті дәлізде футболшыларды қоршап, видеоға түсірген сәттер тарады.

Айта кетейік, "Реалдың" ұшуы 8 сағаттан артық уақытқа созылып, ұшақ Алматыға түнгі 00:50-де қонған.

Желіде көп талқыға түскен тағы бір сәт – Килиан Мбаппенің қонақүй асханасынан тамақ алып жатқан құпия видеосы.