28.09.2025, 13:30

«Сыйақы былай тұрсын, киім мен құрал-жабдыққа мұқтажбыз» – Екі дүркін паралимпиада жүлдегері

Фото: ҰОК

Бізді ешкім фото, видеоға да түсірмейді.

Токио мен Парижде өткен Паралимпиада ойындарының жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионатының күміс иегері Нұрдәулет Жұмағали елдегі мүмкіндігі шектеулі жандар спортының мүшкіл жағдайын ашық айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz сілтеме жасап. 

Айтуынша, спортшылар елге жүлде арқалап әкелсе де, оларға ең қарапайым жағдай жасалмаған.

"Нәтиже жақсарып жатыр: Токиода қола алсам, Парижде күміс алдым. Бірақ біз сыйақы былай тұрсын, дәрігер мен массажистке, жаттығуға қажетті киімге зәруміз. Жыламаған бала секілді сүттен қағылып жүрміз. Енді үнсіз қалудың реті жоқ", – дейді спортшы.

Нұрдәулет Жұмағали жаттықтырушыларының да өз қалтасынан шығынданып жүргенін жасырмады.

"Жарысқа бізбен бірге медиа өкілдері де бармайды. Сұхбат, фото, видео деген атымен жоқ. Жаттықтырушы амалсыз өз ақшасына құрал-жабдық сатып алып, жарысты түсіріп жүр. Өйткені әр қателікті талдау қажет", – деді ол.

Спортшы алдағы жылы өтетін Пара Азия ойындарына тыңғылықты дайындалғысы келетінін, бірақ оған қажетті жағдай жасалса ғана нәтиже болатынын қадап айтты.