Қымыздың әсерін байқап, таң қалдық дейді клуб директоры.
Ресейдің «Уфа» футбол клубы енді матчтар алдында қымыз ішуге көшті. Бұл туралы клубтың бас директоры Марат Шмаков мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Sports.ru-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жаңа дәстүрдің басталуына вингер Уильямс Чимезидің жағдайы себеп болған. Ұзақ уақыт бойы қақпаға доп соға алмаған футболшы қымызды күнделікті іше бастағаннан кейін гол соғып жүрген көрінеді.
«Басқа ойыншылар да қымыздың әсерін байқап, таң қалды. Енді бүкіл команда болып ішеміз. Бұл бізге нәтиже әкеледі деп сенеміз», – деді Шмаков.
Нутрициолог Александра Степаненко қымыздың спортшыларға пайдасын түсіндірді. Оның сөзінше, қымыздағы ақуыз кәдімгі сүттегі ақуызға қарағанда әлдеқайда тез сіңіп, бұлшықетке жылдам жетеді. Бұл ойын кезінде пайда болған зақымдарды қалпына келтіруге көмектеседі.