Бұл туралы журналист Нұрсейіт Жылқышыбай спорт саңлағынан алған сұхбатында белгілі болды.
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстанға еңбегі сіңген спортшы Болат Жұмаділов бүгінде қарапайым өмір кешіп жүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы журналист Нұрсейіт Жылқышыбай спорт саңлағынан алған сұхбатында белгілі болды.
Айтуынша, әйгілі боксшы қазір жертөледе балаларды жаттықтырып, жас буынға өзінің тәжірибесі мен білгенін үйретіп жүр. Спортқа адалдығын сақтап, шәкірт тәрбиелеуге күш салғанына қарамастан, Жұмаділовтің жағдайы елдегі басқа спортшылардан айтарлықтай өзгеше.
Соңғы жылдары түрлі халықаралық жарыстардан жеңіспен оралған спортшыларға пәтер кілті, көлік, жоғары лауазымды қызмет ұсынылып жатқаны белгілі. Алайда Олимпиада жүлдегері Болат Жұмаділов әлі күнге дейін мұндай қолдауға ие болмаған. Оның тіпті жеке көлігі де жоқ.
«Бар арманым – балаларға білгенімді үйретіп, қазақ спортын дамытуға үлес қосу», – дейді даңқты спортшы.
Әлеуметтік желі қолданушылары мен спорт жанкүйерлері бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Жұмаділовтің еңбегі лайықты бағалануы тиіс екенін айтуда.
"Дерзкий жігіт еді ғой кезінде, калай болганы бұл?!", "Жүрегіме қатты батты. Қазақ боксы аңыздарының бірі ғой. Еш қолдаусыз бапкерлікпен айналысып жүр", "Ешкімге өкпесі жоқ, біреуден зат дәмелем отқан кісі емес. Намысты аға екен", "Бокстың жұлдызы ғой", - деп жазды желі қолданушылары.
Даңқты спортшының сұхбатынан кейін Абай облысы бокс федерациясының басшысы Жұмаділовке көлік мінгізіп, тұрақты жұмысқа орналастырды.