Екі күнде оқырманының саны 122 мыңнан асты.
«Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуына ең үлкен үлес қосқан ойыншы — қақпашы Темірлан Анарбеков екені сөзсіз. «Селтикке» қарсы кездесудегі тамаша ойыны арқылы ол тек алаңның қаһарманына ғана емес, әлеуметтік желілердің де жаңа сенсациясына айналды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Матч басталар алдында 21 жастағы қақпашының Instagram парақшасында небәрі 9 мыңнан сәл көп жазылушысы болса, келесі күні таңертең бұл көрсеткіш 45 мыңға жетіп, кешке қарай 122 мыңнан асты.
Сөйтіп, Анарбеков ұзақ уақыт бойы қазақстандық жанкүйерлердің сүйікті жасы атанып келген шабуылшы Дастан Сәтпаевты да артта қалдырды. Бұған дейін 81,8 мың оқырманы бар Сәтпаев елдегі ең танымал жас футболшы саналатын. Алайда бір тәулікте-ақ Темірлан оны басып озып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама әперген пенальти сериясындағы үш сейвінен кейін жанкүйерлердің басты сүйіктісіне айналды.
Әлеуметтік желілерде де жас қақпашыға деген ықылас ерекше. Threads-та көптеген жанкүйер оны түрлі сый-сияпатпен қуантқысы келетінін жазып жатыр. Тіпті арасында тойын тегін жүргізуге немесе шетелге жолдама сыйлауға дайын адамдар да табылған.
Темірлан Атырау облысында дүниеге келген. Футболдағы алғашқы қадамын туған жерінде бастаған ол кейін «Қайрат» академиясына ауысты. Бірінші командадағы дебютін 2020 жылы өткізгенімен, жиі алаңға шықпады. Өткен маусымда «Жеңіс» клубына жалға берілсе, биыл «Қайрат» сапында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетпек.