Мен онша ұзақ өмір сүргім келмейді.
Ол бұрынғы баскетболшы Шакил О’Нилге сұхбат берді. Атағынан ат үркетін кәсіпқой боксшы подкастта ерекше мәлімдеме жасап, ел-жұртты бір дүрліктіріп қойды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлемнің бұрынғы абсолютті чемпионы Майк Тайсонға жүргізуші «неше жасқа дейін өмір сүргіңіз келеді?» деген сұрақ қойған.
– Мен онша ұзақ өмір сүргім келмейді. Жоқ, тіпті ойламаймын да, 80-ге дейін жетпесем екен деп үміттенемін, – деп жауап қатқан атақты спортшы.
Майк Тайсон келесі жылы 60 жасқа толады. Оның туған жері АҚШ-тың Нью-Йорк штаты, Бруклин қаласы. 12 жасында бокс қолғабын киіп көрген ол небәрі 20 жасында ауыр салмақтағы ең жас әлем чемпионы атағын еншіледі. Бір жыл өтер-өтпестен Тони Таккерді сұлатып, тарихтағы ең жас абсолютті чемпион болды.
Тайсон – 58 жекпе-жектің 50-інде жеңіске жеткен (44 нокаут) спортшы. Оның соңғы жекпе-жегі былтыр қарашада өзінен 31 жас кіші блогер Джейк Полға қарсы өткен еді.