Бұл – менің жан айқайым.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас бірнеше жылдан бері өзіне қарсы ақпараттық шабуылдар жасалып келе жатқанын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазды. Ол Мемлекет басшысынан абсолютті чемпион атағына жету жолында қолдау сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ұзақ уақыттан бері кейбір отандық БАҚ менің жеңістерімді елемей, жетістіктерімді әдейі төмендетіп көрсетіп жүр. Мұның бәрі Сіз менің спорттағы табыстарымнан бейхабар болуыңыз үшін жасалып отырғандай. Басқа амалым қалмағандықтан, тікелей Сізге жүгініп отырмын. Бұл – менің жан айқайым», – деді ол.
Ангелинаның айтуынша, ол кәсіби мансабында әлем чемпиондарын қоса алғанда, талай мықты қарсыластарды жеңіп, бүгінде екі бірдей әлемдік рейтингте көш бастап тұр. 7 тамызда Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) оны ресми түрде №1 үміткер деп таныды. Спортшының жеңістері қатарында аргентиналық көп дүркін чемпион Дебора Лопес, 48 жекпе-жек өткізген мексикалық чемпион Ана Арассола және әлем чемпионы Даниэла Асенхо бар. Мұндай нәтиже Қазақстан әйелдер боксы тарихында алғаш рет тіркелген.
«Әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген спортшы үшін Отанынан қолдау көру – үлкен күш береді. Бірақ барлық жетістіктеріме қарамастан, ресми марапат та, құттықтау да алған жоқпын. Абсолютті чемпион атағына жету жолында қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Бұл – тек менің емес, бүкіл Қазақстанның тарихқа ену мүмкіндігі», – деп жазды Лукас.
Ол жанкүйерлеріне, демеушілеріне және жазылушыларына алғыс айтып, пікірлерде Президентті белгілеп отыруды өтінді.