Ол 7 жыл бұрын мансабын аяқтаған еді.
Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров бозкілемге қайта шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
38 жастағы даңқты балуан 2018 жылы спорттық мансабын аяқтаған болатын. Алайда ол Түркістан облысы Созақ ауданында өтетін ерекше жарысқа қатыспақ.
"Ауылдағы жас балуандарды спортқа баулу үшін жаттықтырушылар арасында турнир ұйымдастырылып жатыр. Бұл додада 40 жасқа дейінгі жаттықтырушылар күш сынасады. Сондай-ақ 30 бен 40 жас аралығындағы Түркістан және Шымкент балуандары белдеседі. Сол турнирдің чемпионымен мен белдесемін", – деді Таңатаров sport plus арнасына берген сұхбатында.
Ақжүрек Таңатаров – 2017 жылғы Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, төрт дүркін Қазақстан чемпионы. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында 66 келі салмақ дәрежесінде ел қоржынына қола медаль салған.
Қазір ол Жамбыл облысында жас балуандарды жаттықтырумен айналысады.