Балаусаның рингке қайта оралуы 5 қыркүйекке жоспарланған.
Жеңілістің дәмін татпаған, көркімен де, шеберлігімен де танылған Балауса Мұздыман (8-0, 6 KO) келесі жекпе-жегінің қашан өтетінін нақтылады. Ол 5 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешінде жұдырықтасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шараны белгілі боксшы Али Ахмедов басқаратын промоутерлік компания ұйымдастырады. Кеш аясында Ахмедовтің өзі және тағы бірнеше қазақстандық боксшы рингке шығады. Балаусаның қарсыласы әзірге белгісіз.
Еске салсақ, Мұздыман соңғы рет 6 мамырда Алматыда египеттік Айя Рамаданды (4-1, 0 KO) алғашқы раундта нокаутпен жеңген еді. Сол жекпе-жектен кейін ол жеңіл салмақта әлем чемпионы атағы үшін күресуге дайын екенін мәлімдеген болатын.