Оған шұғыл көмек керек.
Америкада тұратын дзюдодан әуесқой спортшы Жасұлан Жұмағали ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Бұл туралы жазған актер Нұртас Адамбай дзюдошының жарыстардың бірінде мойын омыртқасын үзіп алғанын айтты.
Ол жақын күндері Сан-Диегода дзюдодан өткен California State Games жарысында 9 жекпе-жек өткізіп, 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп, қуанышын жария еткен болатын.
«Құрметті достар, сіздерге жүрегіміз қан жылай отырып, көмек сұрап жазып отырмыз. Жасұлан жақында өткен жарыста ауыр зардап шекті. Оның мойын омыртқасы үзіліп, жедел операция жасалды. Қазіргі уақытта оның денесі ештеңе сезбейді. Аяқ-қолы ісіп кеткен. Алда ол ұзақ оңалудан өтеді. Мақсатымыз бауырымыздың аяққа тұрып кетуіне көмектесу. Жасұлан ардақты әке, қолына қарап отырған кішкентай балалары бар. Бұл трагедия оның отбасына қатты ауыр тиді», - деп жазды ол.
Спортшымен жеке таныс Нұртас Адамбай Жасұланның үнемі адамдарға көмектесіп жүретін, ақжарқын жігіт екенін айтады.
Ол АҚШ-та тұрып жатқан отбасыға қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырды.