«Прокурордың жас көмекшісі» деген атаумен құрылған арнайы клубқа қазір 800 оқушы кірген.
Алматы облысының прокуроры Берік Адамов UFC чемпионы Шавкат Рахмоновпен кездесіп, жастар арасындағы қылмысқа қарсы күрес, есірткі қылмыстарының алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері туралы әңгіме өрбітті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Облыс прокуратурасы жыл басынан бері балалар арасындағы қылмысты азайту үшін 500-ден астам кездесу өткізіпті. Жалпы 69 мың баланың құқығын қорғадық дейді облыс прокуратурасы.
Дереккөзге сүйенсек, «Прокурордың жас көмекшісі» деген атаумен құрылған арнайы клубқа қазір 800 оқушы кірген. Есірткінің зияны туралы ақпарат беру үшін 250 іс-шара өткізген екен. Мұндай қылмыстар туралы жасырын түрде хабарлауға болатын телеграм-ботқа 800 хабарлама түсіп, оның 10-ы расталған екен.
Осы деректерді айтқан прокурорлар кездесу соңында Шавкат Рахмоновқа «Қабырға артындағы балалық шақ» атты деректі фильм көрсетіпті.
Спортшы прокурорлардың бастамасына қолдау танытып, жастарды тәрбиелеуге, спортты ілгерілетуге және жағымды құндылықтарды қалыптастыруға көмектесуге дайын екенін мәлімдеген.