Ойынның бірінші кезеңінде тізгін алматылық клубта болды.
Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 11-турында алматылық «Қайрат» командасы «Ақтөбеден» басым түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Екі клуб турнир кестесінде қатарлас келеді. Десе де кейінгі екі турда алматылық команда қатарынан екі мәрте жеңілістің ащы дәмін татып, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алған еді. Сондықтан бүгін олар үшін жеңіс ауадай қажет.
Ойынның бірінші кезеңінде тізгін алматылық клубта болды. Соған қарамастан қонақтар гол соға алған жоқ. Екінші кезеңде «Ақтөбе» сапынан Аян Байдәулетов 50-минутта есеп ашып кетті. Одан кейін 70-минутта Дастан Сәтпаев қақпаны дәл көздеген еді. Дегенмен төреші оған дейін «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Валерий Громыко қарсыласын қолмен ұрып құлатты деген желеумен оны алаңнан қуды. Голды есепке алған жоқ.
Бір футболшының кем ойнағанына қарамастан алматлық клуб алға қарай ұмтылды. Нәтижесінде 75-минутта Александр Мартынович таразы басын теңестірсе, 87-минутта Дастан Сәтпаев биылғы біріншіліктегі сегізінші голын соғып, командасына жеңіс сыйлады. Осылайша «Қайрат» сырт алаңда қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 26 ұпаймен екінші орынға көтерілді.