30.04.2025, 12:40

«Аяқтарым қақсап барады»: Танымал блогер «Супермамасита» Лондондағы марафоннан кейін жүре алмай қалған

Фото: желіден алынды

Ол әліге дейін өзіне келе алмай жатқан көрінеді.

«Супермамасита» лақап атымен танымал қазақстандық блогер Әлия Байтуғаева 2025 жылғы Лондон марафонына қатысқаннан кейін келеңсіз жағдайға тап болған. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Марафоннан соң желіден көрінбей кеткен блогерді оқырмандары іздей бастаған. Алаңдаған көпшілікке ол жеке парақшасында жауап қатты. Белгелі болғандай, блогер марафоннан кейін әліге дейін өз-өзіне келе алмай жатқан көрінеді.

«Екінші күн қатарынан орнымнан тұра алмай жатырмын. Денем ауырып, қозғалтар емес, қызуым көтеріліп кетті. Марафоннан соң жүре алмай қалдым, аяқтарым қақсап барады. Жүрегім айни береді. Шамасы күйзеліс пен жаттығудың кері әсері болса керек. Климаты да мүлде жақпады. Қазір қаланы аралап жүруім керек еді, ал мен қонақүйдің бөлмесінен шыға алмай қалдым», - деп жазды ол.

Блогер марафон ұйымдастыру жағынан Алматының деңгейі әлдеқайда жоғары екенін де алға тартты.

«Алматыдағы марафонның ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Лондонда бізге бергені мына пакет, болды. Демеушілер тартса болар еді. Бұл жақта ауаның өзі қымбат тұрады. Ал Алматыда бүге-шегесіне дейін қарастырылады», - деді ол. 

Байтуғаева 2024 жылы Чикаго марафонына да қатысқан. Ол кезде де ол 42 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өткен. 

Айта кетейік, 2025 жылдың 27 сәуірінде Ұлыбритания астанасында өткен марафонның нәтижесі бойынша шамамен 60 мың адам мәре сызығын кесті. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы қарашада Нью-Йорк марафонында тіркелген әлемдік рекордтан асып түсті. Ол кезде мәреге 55 646 адам жеткен еді.