29.04.2025, 02:30

Шавкат Рахмоновтың үзілісі неге ұзаққа созылып кетті

Фото: Chris Unger/Getty Images

Тіпті төртінші раундта қарсыласының қылқындыру әдісіне түсіп қала жаздағаны бар.

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Махметов Шавкаттың  ұзақ үзіліс алуының себебін де түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Былтыр жыл соңында өткен UFC 310 турнирінде Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрримен жекпе-жекке шығып, «Номад» карьерасында алғаш рет қарсыласын мерзімінен бұрын жеңе алмады. 

Тіпті төртінші раундта қарсыласының қылқындыру әдісіне түсіп қала жаздағаны бар. Алайда мінез танытқан Шавкат жеңіліссіз сериясын сақтап қалды.

Кейіннен Шавкаттың октагонға тізе жарақатымен шыққаны белгілі болды. Бұл оның UFC 315 турнирінде Белал Мухаммадқа қарсы титулдық жекпе-жектен бас тартқан кезде анықталды. Енді палестиналық файтер мамыр айында Джек Делла Маддаленамен кездеседі. Ал Шавкат ресми үміткер мәртебесін сақтап қала ала ма, әзірге ол жағы белгісіз.

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Махметов Шавкаттың титулдық жекпе-жекке шығатынына сенімді. 

Ол Рахмоновтың ұзақ үзіліс алуының себебін де түсіндірді:

«UFC Шавкатты үміткерлер тізімінен алып тастайды деп ойламаймын. Оның соңғы үзілісі жарақатына байланысты екенін бәрі біледі. Шавкат жарақатын толық емдеп алуды жөн көрді. Шавкат ешқашан қысқа мерзімде жекпе-жекке шықпайды, әр кездесуге мұқият дайындалады. Оның үстіне, асығатын да әдеті жоқ. Бұл – оның басты артықшылығы. Сондықтан бұл үзіліске негізінен Рахмоновтың командасы кінәлі деп айтуға болады. Қалай дегенмен өздерінің тактикасы бар».

Айта кетейік, Шавкаттың бас бапкері Эдуард Базров шәкіртінің октагонға қайта оралуы қазан айына жоспарланғанын хабарлаған еді.