28.04.2025, 15:20

«Бокстан кеткен жоқпын»: Асланбек Шымбергенов спорттық мансабындағы алып-қашпа әңгімелерге жауап берді

Фото: желіден алынды

"Бұйырса, жарыстарға шығамын".

Бокстан Әлем және Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов ұзақ үзілістен кейін спортқа қайта оралды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Ол “Бірінші бол” You Tube арнасына берген сұхбатында Париж Олимпиадасындағы сәтсіздігінен кейін спорттағы мансабына қатысты алып-қашпа әңгімелерге жауап берді.

”Олимпиададан кейін демалдым, тынықтым. Кедергі келтіріп жүрген жарақаттарымды емдеттім. Қазір жаттығуға оралдым. Бокстан кеткен жоқпын. Бұйырса, жарыстарға шығамын. Жақын достарым, бауырларым қандай жағдай болмасын қасымда. Олимпиададан кейін көрінбей кеткен, жоқ болып кеткен адам көрген жоқпын. Ешкімге ренішім жоқ”, — дейді ол.

Асланбек Шымбергенов Париж Олимпиадасының алдында қатты сырқаттанып қалғанын да жасырмады.

”Олимпиаданың алдында ауырып қалдым. Температурам екі апта түспей қойды. Ондай жағдай бірінші рет болды. Неше түрлі дәрілер салып, бәрі қатты уайымдап кетті. Ауырғаным соншалықты жаттығу да жасай алмай қалдым. Олимпиадаға барып, жаттығуды күшейтіп жасадық. Өздеріңіз көргендей бір Алланың қалауымен болатын іс болды. Олимпиадада жекпе-жек өткізіп болғаннан кейін көңіл күйім болмай, екі күннен кейін қайтып кеттім. Отбасымда да бір жағдайлар болып, бас бапкерден рұқсат сұрап, қайтып кеттім”, — дейді ол.

Сондай-ақ, боксшы 2021 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіздігін де еске алды.

«2021 жылы Сербияның Белград қаласындағы әлем чемпионатында украиналық боксшымен жолығатын күні дүниеге қызым келді. Ол уақытта мен психологиялық тұрғыдан дайын болмадым. Фавориттерді жеңгеннен кейін үлкен кісілер, ауылдастар, достар хабарласып, менің чемпион болатыныма сенімді екендерін айтты. Мен де жекпе-жекті емес, Таразда күтіп алатындарын ойлап кеттім. Жекпе-жекке дұрыс көңіл бөле алмадым. Ол — менің үлкен қателігім болды. Данияр ағамыз да хабарласып, қандай витамин ішу керегін айтып, кеңестерін берді. Бірақ, мен оның бәрін жеткілікті деңгейде қабылдай алмадым”, — дейді ол.

Еске сала кетейік, 71 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Асланбек Шымбергенов Париж Олимпиадасының бірінші айналымында иорданиялық Зейяд Ишаиштанға есе жіберген еді.

 

Тегтер: боксшы