27.11.2026, 14:10

«Миды өлтіреді»: Тоқаев TikTok әлеуметтік желісін қатаң сынға алды

Фото: Ақорда

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев смартфонды тек көңіл көтеру құралы ретінде емес, табыс табудың мүмкіндігі ретінде қарастыру керектігін айтты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен халықаралық форумда TikTok әлеуметтік желісіне қатысты пікір білдірді. Президент танымал платформаны «адамның, әсіресе жастардың миын өлтіретін қорқынышты нәрсе» деп атады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл пікірін «Сбер» банкінің ұйымдастыруымен өткен «Жасанды интеллект әлеміне саяхат» (AI Journey 2026) халықаралық конференциясы аясында жасанды интеллект саласында жұмыс істеп жүрген дарынды жастармен кездесу кезінде айтты.

Кездесу барысында Президент заманауи смартфондардың мүмкіндіктері толық пайдаланылмай жүргеніне назар аударды. Оның сөзінше, бүгінде адамдардың басым бөлігі гаджеттерді қоңырау шалу, хабарлама алмасу, фильм көру және әлеуметтік желілерді пайдалану үшін ғана қолданады.

Мемлекет басшысы ауыл мен қала тұрғындарының цифрлық мүмкіндіктерге қол жеткізу деңгейін теңестіру қажеттігін де атап өтті.

«Қалалар мен ауылдық аймақтардың даму деңгейін теңестіру туралы өте орынды айттыңыз. Мен бұл мәселені жуырда жариялаған Жолдауымда да көтердім. Өйткені ауыл тұрғындарын интернетті тиімді әрі пайдалы мақсатта пайдалануға үйретуіміз керек. Қазір барлығы смартфон қолданады. Алайда неге екені белгісіз, көпшілік оны тек қоңырау шалу, хат алмасу, түрлі фильмдер мен TikTok көру үшін ғана қажет деп ойлайды. TikTok – адамның, әсіресе жастардың миын өлтіретін қорқынышты нәрсе», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев смартфонды тек көңіл көтеру құралы ретінде емес, табыс табудың мүмкіндігі ретінде қарастыру керектігін айтты.

Президенттің пікірінше, интернет қолжетімді болса, ауылдық жерлерде тұратын азаматтар да заманауи технологияларды пайдаланып, өз бетінше табыс таба алады. Ол үшін халыққа цифрлық сауаттылықты үйрету маңызды.

«Ал шын мәнінде, смартфонды дұрыс әрі шебер пайдалана білсе, шартты түрде айтқанда, ауылда немесе шағын елді мекенде отырып-ақ ақша табуға болады. Ол үшін сол жерде интернет болуы керек. Ең бастысы, адамдарды осыған үйрету қажет. Сонда олар үкіметтің шешіміне тәуелді болмай, заңды жолмен өз бетінше табыс таба алатын азаматтарға айналады», – деді Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанда «халықтық цифрлық экономиканы» қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, цифрлық технологияларды сауатты меңгеру азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашып, экономикалық дербестігін арттыруға жол береді. 

Тегтер: Ақорда