07.11.2026, 11:30

Ақордада Тәжікстан Президентінің құрметіне салтанатты рәсім өтті

Фото: Ақорда

Рәсім барысында Қазақстанның Әскери әуе күштерінің тікұшақтары қос мемлекеттің туын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды Ақордада ресми түрде қарсы алды. Мәртебелі мейманның құрметіне салтанатты рәсім ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Рәсім барысында Қазақстанның Әскери әуе күштерінің тікұшақтары қос мемлекеттің туын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті. Ал салтанатты залда Құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің ресми делегация мүшелері бір-біріне таныстырылды.

Одан кейін Құрмет қарауылы ротасының командирі салтанатты рапорт берді. Президенттік оркестр Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік әнұрандарын орындады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстанның Мемлекеттік туына қарай жүріп барып, оған құрмет көрсетті. Бұдан соң қос президент Құрмет қарауылының сапын аралап өтті.

Салтанатты рәсімнен кейін екі ел басшысының кеңейтілген құрамдағы келіссөздері басталды. Кездесуде стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайту мәселелері талқыланады.

Айта кетейік, Эмомали Рахмон Қазақстан Президентінің шақыруымен 5–7 қараша аралығында елімізге ресми сапармен келді.

Тегтер: АҚОРДА