Сұхбат барысында журналист жуырда ғана өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапарына тоқталды.
Медиа сарапшы, журналист Амангелді Құрмет журналист Жамбыл Зейноллаға сұхбат беріп, Қазақстанның сыртқы саясаттағы шынайы мақсаты, Ресейдің түркі ұйымына бақылаушы болу туралы ұсынысының астарында не жатқаны және елімізде жасырын сепаратизмнің бар-жоғы жөніндегі сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сұхбат барысында журналист жуырда ғана өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапарына тоқталды. Оның айтуынша, сапар кезінде Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі Қазақстан Президентін күтіп алып, кейін екі ел басшылары кеңейтілген құрамда кездесу өткізген. Сондай-ақ тараптар бір-бірін Республика күнімен құттықтаған.
Амангелді Құрмет Түркия медиасында жарияланған ақпаратқа да назар аударды. Атап айтқанда, Түркия Президенті әкімшілігіне қарасты Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Тоқаевпен өткен кеңейтілген отырысқа қатысқанын және Қазақстанмен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екенін жазған.
Журналистің пайымдауынша, бұл мәлімдеме екі ел арасындағы келіссөздерде қорғаныс өнеркәсібі саласындағы әріптестік мәселесі де талқыланған болуы мүмкін екенін аңғартады.
«Бұл жерде түйгенім, қорғаныс өнеркәсібі саласына жауапты басшы осындай ақпаратты сыртқа шығарып отырған болса, келіссөз барысында екі мемлекет арасында бұл туралы сөз қозғалуы мүмкін. Делегация өкілдері осы мәселені пысықтады деп ойлаймын. Біз жақ оны айта бермейді, себебі "үй артында кісі бар" дейді. Жылт еткен жақсылыққа улап-шулап қарайтын көрші мемлекеттер бар. Оны көрермендер біліп отыр», – деді журналист.
Сонымен қатар Амангелді Құрмет Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға деген ерекше ілтипатын атап өтті.