Экономикалық өсімнің тағы бір маңызды факторы — инвестиция.
Отандық өндірісті дамыту, өңірлердің әлеуетін арттыру және шағын бизнесті қолдау. Президент Жолдауында экономиканы нығайтудың негізгі бағыттары айқындалды. Бұл туралы «24KZ» арнасына берген сұқбатында экономист Ләззат Нұрғалиқызы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сарапшының пікірінше, инвестиция тарту, өнімді терең өңдеу және жаңа жұмыс орындарын ашу жалпы ішкі өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұрынғыдай шикізат күйінде емес, өңделген өнім, әсіресе қосылған құны басым өнімдерді көбірек өндіріп дамытатын болсақ, ол елдің экономикасына, жалпы ішкі өнімнің артуына, оның ішіндегі 450 миллиард долларға жетуге жасалып жатқан қадамдар, - деді Ләззат Нұрғалиқызы.
Экономикалық өсімнің тағы бір маңызды факторы — инвестиция. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу үшін «Бәйтерек» холдингінің рөлін күшейту ұсынылды.
Сарапшының айтуынша, инвестиция тарту мен оны бөлудің бір орталықтан жүзеге асуы қаражаттың тиімді жұмсалуына және ашықтықтың артуына ықпал етеді.
Егер осы инвестицияны қайда салу керек, іріктеу, оны сүйемелдеу, әрі қарай қаржыландыру — әр жақтан емес, бір жерден жасалса, оның тиімділігі артады. Кез келген қарапайым азамат қаражаттың қайда кетіп жатқанын, қалай жұмсалып жатқанын ашық көріп-біліп отырса, онда ол экономикаға тиімді жұмыс жасайды, - деді Ләззат Нұрғалиқызы.
Ауыл шаруашылығында импортты азайтып, отандық өнім экспортын арттыру міндеті тұр.
Ол үшін шикізатты ел ішінде терең өңдеп, қосылған құны жоғары тауар өндіруге басымдық беру қажет. Жалпы өнімді арттыру үшін біз импорттан гөрі экспортты арттыруымыз керек. Сол себепті терең өңдеу бұл жерде маңызды және сол салаға, яғни ауыл шаруашылығы саласына да инвестиция тарту өте маңызды болып табылады, - деді экономист.
Шағын және орта бизнесті қолдау да экономиканың тұрақты дамуына әсер етеді. Сарапшының сөзінше, кәсіпкерлерге кеңірек мүмкіндік беріп, өз өнімдерін ішкі нарыққа ұсынуға және шетелге шығаруға жағдай жасау қажет.
Сарапшы цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу де кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, логистиканы жетілдіруге ықпал ететінін айтады.
Оның пікірінше, отандық өндірісті қолдау, инвестицияны тиімді пайдалану және бизнеске қолайлы жағдай жасау — экономикалық өсімге жетудің маңызды тетіктері.