Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, ұлттық бірлік пен қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетінін еске салып, ел тарихындағы маңызды кезеңдерге тоқталды. Оның айтуынша, Конституцияның қабылдануы мен саяси жүйенің жаңғыруы мемлекеттілікті нығайтуға жол ашты.
«Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз», – деді Президент.
Тоқаев алға қойылған міндеттерді орындау үшін қоғамдағы татулық пен келісімнің маңызына назар аударды. Оның пікірінше, бірлік болмаса, реформалар мен ілгерілеуге қол жеткізу қиын.
Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық ахуалға да тоқталды. Ол әлем елдері арасындағы өзара сенім дағдарысының күшейгенін, халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсірегенін айтты.
Сонымен қатар Президент бақылаусыз көші-қон ағындарының көбейгенін және оның Еуропаның бірқатар елінің қауіпсіздігіне кері әсер еткенін атап өтті.
«Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал „қырғи-қабақ соғыс“ кезінде де болмаған еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Жолдауда елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларын ортаға салып, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталатынын мәлімдеді.