Жергілікті жұрт мұны «аруақты қорлау» деп бағалап, наразылық білдіруде.
Шығыс Қазақстан облысында даулы құрылыс жұрттың ашуын туғызды. Шемонаиха қаласында аурухана ескі зираттың үстіне салынып жатқаны белгілі болды.
Құрылыс алаңынан адам сүйектері табылғанын тұрғындар өз көздерімен көрген. Айтуларынша, топырақ арасынан ондаған адамның сүйегі шыққан. Осыдан кейін халық құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр.
Жергілікті жұрт мұны «аруақты қорлау» деп бағалап, наразылық білдіруде. Ал шенеуніктер сүйектер далада қалмай, қайта жерленетінін айтып ақталды. Олардың сөзінше, табылған сүйектердің тарихи құндылығы жоқ.
Полиция да бұл жағдайды тексеріп, қайта жерлеу керек деген қорытынды жасаған. Дегенмен жұрттың күдігі сейілмей тұр — аурухана расымен дұрыс жерге салынып жатыр ма деген сұрақ ашық қалды.