Ақтөбе қаласының ауруханаларында лаңкестік әрекеттер салдарынан зардап шеккен 16 адам емделуін жалғастыруда. Бұл туралы ҚР ДСӘДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдарының мәліметінше, 05.06.2016 – 10.06.2016 ж. аралығында Ақтөбе қаласы стационарларына барлығы 39 адам жеткізілген, оның ішінде 4 адам облыстық ауруханаға, 33 адам жедел медициналық көмек ауруханасына (1 пациент 10.06.2016 ж. сағ. 09:40-та), 2 адам теміржол ауруханасына (10.06.2016 ж. сағ. 05:00-де) жіберілді. Аталған уақыт аралығында стационарлардың ауруларды қабылдау бөлмесі деңгейінде 16 пациентті амбулаторлық емдеу бойынша ұсынымдар берілді.
Барлығы зардап шеккен 23 пациент ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 2 адам стационарда қайтыс болып, 5 пациент ауруханадан шығарылды.
Қазіргі таңда Ақтөбе қаласының стационарларында 16 зардап шеккен азамат емделуде, оның ішінде 13 адамның жағдайы орта деңгейдегі ауыр, 3 пациенттің жағдайы ауыр деңгейде деп бағаланып отыр.
Бүгін ауруханаға жатқызылған пациенттердің бірі республикалық санитарлық авиация көмегімен Нейрохирургия ұлттық орталығына жеткізіледі.