Ауыл тұрғындары көмекке жүгіріп шығып, ер адамды қасқырдан арашалап қалған.
Қостанай облысының Ақкөл ауылында қасқыр ер адамға шабуыл жасады. Жыртқыштан зардап шеккен тұрғын ауруханаға жеткізіліп, кейін Арқалыққа жіберілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қостанай облысының Ақкөл ауылына ер адам ата-анасына қонаққа келген. Кешкі уақытта қонаққа бара жатқанда көшеде қасқырға тап болған. Жыртқыш оған тап беріп, қолынан тістеген.
Ауыл тұрғындары көмекке жүгіріп шығып, ер адамды қасқырдан арашалап қалған. Кейін олар жыртқышты өлтірген. Жангелдин аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Эльмира Маметованың айтуынша, зардап шеккен азамат ауруханаға түскен кезде шок жағдайында болған.
"Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, Арқалыққа жіберілді. Себебі біздің ауруханада хирург жоқ. Қазір науқастың жағдайы тұрақты. Тұманды ауа райына байланысты жол шамамен бес сағатқа созылады", – деді ол.
Ақкөл ауылдық округінің әкімі Балғабай Қалиевтің айтуынша, күз мезгілінде қасқыр, түлкі және қабандар елді мекенге жиі кіріп кетеді.
Оның сөзінше, тұрғындар жыртқыштардан қорғану мүмкіндігі шектеулі екенін айтқан. Себебі ауыл халқының қаруы жаппай тәркіленген. Қазір рұқсат етілген мылтық бірнеше тұрғынның ғана қолында бар. Алайда олар ауылда үнемі бола бермейтіндіктен, көшелерді тұрақты күзету мүмкін емес.