$ 455 € 498.77 ₽ 5.56

Сайран көлінің маңынан тапанша мен оқ-дәрілер табылды (ВИДЕО)

Тексеру барысында тапаншаға ұқсас зат пен оқ-дәрілер табылды. 

Фото: Алматы ПД
Фото: Алматы ПД

Алматыда қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орын анықталды. Қару мен патрондар Сайран көлінің маңындағы жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақтан табылған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жасырын орын Садовников көшесінің бойында анықталған. Оқиға орнына Әуезов аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы барып, тексеру жұмыстарын жүргізген.

Тексеру барысында тапаншаға ұқсас зат пен оқ-дәрілер табылды. Барлық зат заңда белгіленген тәртіппен тәркіленіп, сараптамаға жіберілген.

«Алдын ала мәлімет бойынша табылған қару газды қару санатына жатуы мүмкін. Қазір полицейлер қарудың қайдан келгенін, кімге тиесілі екенін және қандай да бір қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр», – деп хабарлады полиция департаменті.

Айта кетейік, Алматыда бұған дейін де бірнеше рет қару-жарақ жасырылған орындар анықталған.

Мәселен, Астрахан көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің маңынан жол бойында жасырылған ТОЗ-25 тегіс ұңғылы мылтық табылған. Қару кесілген мылтыққа айналдырылып қайта жасалған. Сонымен қатар тапаншаға ұқсас зат пен әртүрлі калибрдегі оқ-дәрілер тәркіленген.

Ал Медеу ауданындағы саяжай алқабынан ИЖ маркалы тегіс ұңғылы мылтық, тапанша және 16-калибрлі алты оқ-дәрі табылған.

Бұдан бөлек, Түрксіб ауданында қараусыз қалған ғимараттың маңынан күдікті қап анықталған. Оның ішінен «Сайга» карабиніне және тапаншаға ұқсас заттар, сондай-ақ карабинге арналған 10 және тапаншаға арналған төрт патрон табылған. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0