Сәбилер жүктіліктің 34-аптасында мерзімінен бұрын дүниеге келген.
Алматыда 30 жастағы Ләззат Жарас есімді келіншек үшем дүниеге әкелді. Ол үш қыз босанып, алты баланың анасы атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы қалалық №1 перинаталдық орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сәбилер жүктіліктің 34-аптасында мерзімінен бұрын дүниеге келген. Көпұрықты жүктілік пен медициналық көрсеткіштерге байланысты дәрігерлер шұғыл кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдаған.
Операция сәтті өтіп, үш қыз бір минут аралықпен өмірге келген.
Сағат 03:03-те бірінші қыз дүниеге келді. Салмағы – 2073 грамм;
Сағат 03:04-те екінші қыз туылды. Салмағы – 1723 грамм;
Сағат 03:05-те үшінші қыз өмірге келді. Салмағы – 2431 грамм.
Ата-анасы қыздарына Альсия, Аюми және Айла деген есімдер қойған.
Мерзімінен бұрын туғандықтан, нәрестелерге неонатолог дәрігерлердің көмегі қажет болған. Олар алғашқы күндерін жаңа туған нәрестелердің жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде өткізген. 12 қарашадан бастап қыздар арнайы бөлімде дәрігерлердің бақылауында болып, біртіндеп күш жинап жатыр.
Үшем босанатынын тіпті туған анасына айтпаған
Белгілі болғандай, Ләззат үшем күтіп жүргенін босанғанға дейін жақындарынан жасырған. Тіпті оның туған анасы да отбасында бірден үш сәби дүниеге келетінінен хабарсыз болған.
Ләззаттың үйінде тағы үш баласы бар: бір ұл және екі қыз. Үлкені небәрі жеті жаста. Үшем дүниеге келгенге дейін келіншек балаларын мектеп пен балабақшаға өзі апарып, олардың тәрбиесімен және үй шаруасымен айналысқан.
Айта кетейік, бұл – 2026 жылдың басынан бері Алматыдағы №1 қалалық перинаталдық орталықта дүниеге келген бесінші үшем.