Жазбаға желі қолданушылары да пікір білдірді.
Астанада өрт кезінде адамдарды құтқару үшін өз өмірін қиған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жесірі әлеуметтік желіде жүрек ауыртатын жазба жариялады. Ол марқұм күйеуін сағынатынын айтып, өрт сөндіруші құтқарған адамдарға қатысты өкпесін де жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әнел Забикулинаның айтуынша, күйеуінен айырылғанына төрт жыл өтсе де, оның орнын ешкім толтыра алмайды. Ол марқұм жарын әлі де күтетіндей күйде екенін жазды.
«Сенсіз төртінші күз… Төртінші қараша… Уақыт өтіп жатыр, күндер ауысып жатыр, өмір өз ағысымен жалғасып жатыр. Бірақ менің жүрегімде уақыт тоқтап қалған бір күн бар… Сен кеткен күннен бері қанша таң атты, қанша кеш батты…
Бірақ бір нәрсе өзгермеді – саған деген сағынышым. Кейде бәрі түс секілді көрінеді. Қазір есіктен кіріп келетіндей, даусыңды еститіндей, бәрі бұрынғы қалпына келетіндей. Бірақ артынша шындықпен қайта бетпе-бет келемін. Қыздарымыз өсіп келеді. Сен көрмеген сәттер, сен куә болмаған қуаныштар, айтылмай қалған әңгімелер көбейіп барады.
Әрбір жетістігімде сені іздеймін. Әрбір қуанышымда жанымда болғаныңды қалаймын. Сағыныштың уақыты болмайды екен. Жылдар өтсе де, жүрек үйренбейді екен. Сен менің өткенім ғана емессің. Сен – жүрегімнің мәңгілік бір бөлшегісің», – деп жазды ол.
Жазбаға желі қолданушылары да пікір білдірді. Олардың бірі Асқар Забикулин құтқарған адамдар марқұм өрт сөндірушінің отбасына көмектесіп тұра ма деген сауал қойды.
Әнел Забикулина бұл сұраққа жауап беріп, күйеуінің құтқарған адамдарының ешқайсысы осы уақытқа дейін отбасының үйіне келмегенін айтты.
«Осы 4 жылда менің күйеуім құтқарған ешбір адам үйіміздің табалдырығын аттап баспады. Мен олардың түрін көрген емеспін. Ал менің жарым солар үшін жанын берді», – деп өкінішін білдірді.