19.11.2026, 21:00

Олжас Бектенов «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын реконструкциялау жұмыстарымен танысты

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін дамытуда стратегиялық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ұзындығы 262 шақырымды құрайтын жоба Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің мәліметінше, қазіргі таңда жолдың 28 шақырымында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілген. Жобаның жалпы құны – 496,3 млрд теңге. Нысанның пайдалануға берілуі жолдың өткізу қабілетін арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жүк пен жолаушы тасымалына кететін уақытты қысқартуға, сондай-ақ өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту және жөндеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ жол жұмыстары мен пайдаланылатын материалдардың сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. 2024 жылы аймақта ауқымды жол құрылысы жұмыстары басталды. 2024–2026 жылдары осы мақсаттарға 109 млрд теңге бөлініп, жергілікті маңызы бар 956 шақырым жол жөндеуден өтті.

Жол құрылысы жұмыстары мен пайдаланылатын материалдардың сапасына, сондай-ақ ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға ерекше назар аударылды. 2026 жылдың 10 айында 1,2 мыңнан астам жол-құрылыс материалы сынамасының 11%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Премьер-министрге жол жабынын сақтау үшін салмақтық бақылау күшейтілгені баяндалды. Атап айтқанда, осы кезеңде шамамен 4,3 мың заңбұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық.

Жалпы, облыс бойынша ұзындығы 1,8 мың шақырымнан асатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу жобалары жүзеге асырылуда. Оның ішінде 865 шақырым жол реконструкциялауға, шамамен 293,5 шақырымы күрделі және орташа жөндеуге тиесілі. Ірі жобалар қатарында ұзындығы 262 шақырым болатын «Ақтөбе – Ұлғайсын», 41 шақырымдық «Орталық – Батыс» (Астана – Ырғыз), 245 шақырымдық «Бейнеу – Сексеуіл» және 215 шақырымдық «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолдары бар. Аталған жобаларды 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар «Ақтөбе – Орынбор», «Ақтөбе – Орск», «Самара – Шымкент» және «Қарабұтақ – Қостанай» бағыттарындағы жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда облыстағы жолдардың нормативтік талаптарға сай жағдайдағы үлесі 78%-дан 84%-ға дейін өскен. 2029 жылға дейін тағы 1,5 мың шақырым жолды жөндеп, нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 95%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Премьер-министр автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді, құрылыс жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасына, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол бойындағы инфрақұрылымды уақтылы ретке келтіріп, жол қозғалысына қатысушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне баса мән берілді. Жобаны бекітілген кестеге сәйкес аяқтау үшін жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың жұмысын үйлестіру қажеттігі атап өтілді.