Бұдан бөлек, 13 қарашада Stadler вагондарынан жасақталған пойыз «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша алғашқы сапарына аттанады.
Жыл соңына дейін Қазақстанда Stadler вагондарынан жасақталған пойыздарды тағы екі бағытта іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжановтың айтуынша, алдағы уақытта Stadler вагондарымен қатынайтын пойыздардың бағыттарын кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр.
– Қараша айының соңына дейін жаңа вагондар Астана – Атырау бағытына шығуы мүмкін. Ал жыл соңына қарай, шамамен желтоқсанның ортасында пойыздардың жаңа қозғалыс кестесі енгізілген кезде, «Нұрлы жол» вокзалынан Жезқазған арқылы Қызылордаға қатынайтын пойызды да іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді Әнуар Ахметжанов.
Бұдан бөлек, 13 қарашада Stadler вагондарынан жасақталған пойыз «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша алғашқы сапарына аттанады.
Жалпы, бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдаған. Келісімшартқа сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін Қазақстанда шығарылған 557 жолаушылар вагоны кезең-кезеңімен жеткізіледі. Олардың қызмет ету мерзімі 40 жылды құрайды. Сондай-ақ келісімшарт аясында вагондарға 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсету көзделген.