"Спортшылардың бір бөлігі — уахабилердің, кәсіпкерлер мен құзыретті тұлғалардың біразы — гүленшілердің ықпалында".
Белгілі уағызшы Данияр Кенжеұлы психолог Төребек Бекбаевтың көзқарасына қатысты пікір білдіріп, оның ұстанымдарын кейбір діни топтардың идеясымен байланыстырды. Сонымен қатар ол бірқатар кәсіпкер мен құзыретті тұлғаның Гүлен қозғалысының ықпалында болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Уағызшының айтуынша, Төребек Бекбаев насихаттайтын псевдопсихосоматика бағытындағы түсініктер мен гүленші-нұршылардың кейбір діни көзқарастары арасында ұқсастық бар. Ол мұндай байланысты Саид Нұрсидің «Рисале-и Нұр» еңбегіндегі «Хасталар рисалесінің» тұжырымдарынан да байқауға болатынын жазды.
Данияр Кенжеұлының сөзінше, осы себепті түрік жамағаты мен оның ықпалындағы кейбір адамдар Төребек Бекбаевты ашық қорғамаса да, астарлап ақтап, іштей қолдап отырады. Уағызшы мұндай жағдайды бірнеше сұхбаттан байқағанын жеткізді.
Ол бұған дейін де бірқатар имам мен ұстаздың Төребек Бекбаевты тыңдамауға шақырғанын еске алды. Алайда сол кезде бұл ескертулерге көпшілік құлақ аспағанын айтып, уақыт өте келе олардың мәні айқындала түскенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Данияр Кенжеұлы түрлі діни топтардың қоғамдағы ықпалы туралы да сөз қозғады.
«Мұндай жамағаттардың ең әуелі қалталы адамдарды құрықтап, солардың маңайын айналшықтауы бекер емес. Спортшылардың бір бөлігі — уахабилердің, кәсіпкерлер мен құзыретті тұлғалардың біразы — гүленшілердің ықпалында. Ал сүлейменшілер әркімнің есігін қағып, қазақтың қарадомалақ балаларын қайыршылықтың құралына айналдырып жүр. Бірі беделді қармайды, бірі қалтаны аңдиды, енді бірі баланың мұқтаждығын алға тартады. Бәрінің аузында дін, бірақ ісіне қарасаң, ықпал мен мүдде сайрап жатыр», — деп жазды ол.
Айта кетейік, гүленшілер — түркиялық діни қайраткер Фетхуллах Гүленнің діни-философиялық көзқарастарын ұстанушылар. Қозғалыс «Хизмет» (Hizmet) атауымен де белгілі. Оның негізі Түркияда қаланып, кейін өзге елдерге тараған.
Бұл қозғалыс білім беру, қайырымдылық және діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстарымен танылған. Гүленшілердің дүниетанымына Саид Нұрсидің діни еңбектері мен идеялары да ықпал еткен.
2016 жылы Түркияда әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейін ел билігі Фетхуллах Гүлен қозғалысын оқиғаға қатысы бар деп айыптап, FETÖ (Фетхуллахшылар террористік ұйымы) деп таныды. Ал Фетхуллах Гүлен бұл айыптауларды жоққа шығарған.