10.11.2026, 22:30

Bek Air компаниясының бұрынғы басшысына қатысты тергеуді аяқталды

Фото: Bek Air

5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы Bek Air әуе компаниясының бұрынғы басшысы Нұрлан Жұмасұлтановқа қатысты қозғалтқыш ұрлау дерегі бойынша тергеу аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Іс бойынша одан бөлек тағы бір адам күдікті ретінде танылған.

Тергеу кезінде ұрланған қозғалтқыштардың бірі 2019 жылы Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek Air ұшағынан табылғаны белгілі болды.

Бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, 2026 жылғы 23 қыркүйекте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тергеу департаменті Нұрлан Жұмасұлтанов пен З. Тұрсыновқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтаған.

Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы, яғни аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі бойынша айып тағылған.

Қазіргі уақытта қылмыстық процеске қатысушылар іс құжаттарымен танысып жатыр. Прокуратура тергеу құпиясын алға тартып, әзірге қосымша мәлімет бермеді. Қылмыстық істің сотқа нақты қашан жіберілетіні де белгісіз.

Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденген жағдайда, олардың мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін Алматы әуежайының аумағында сақтаулы тұрған, пайдаланудан шығарылған Fokker 100 ұшағынан екі авиациялық қозғалтқыштың қолды болғаны хабарланған еді. Қозғалтқыштардың нақты қай уақытта жоғалғаны әзірге анықталмаған. Сондай-ақ оқиғаға куә болғандар мен бейнебақылау камераларына қатысты мәліметтер жарияланбады.

Кейін жоғалған қозғалтқыштардың бірінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Bek Air ұшағы апатынан кейін табылғаны белгілі болды.

Еске салайық, сол күні Алматыдан Астанаға ұшқан Bek Air әуе кемесі әуеге көтерілгеннен кейін биіктігін жоғалтып, әуежай қоршауын бұзып өтіп, ғимаратқа соғылған болатын. Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы жарақат алды. Тергеу мен сот процестерінің нәтижесінде апатқа кінәлі деп қаза тапқан екі ұшқыш танылған.

Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, апаттың техникалық себептерін зерттеу кезінде мамандар қозғалтқыштардың бірін сериялық нөмірі арқылы сәйкестендірген. Осылайша оның бұған дейін жоғалған авиациялық қозғалтқыштардың бірі екені анықталған.

Алайда қозғалтқыштың апатқа ұшыраған ұшақтан табылуы оның әуе апатына себеп болғанын білдірмейді. Қозғалтқыштарды ұрлау дерегі бойынша жүргізілген тергеу мен 2019 жылғы әуе апатының себептерін анықтау ісі бір-біріне қатысы жоқ.

Жоғалған авиациялық жабдықтың қайдан әкелінгенін және Bek Air компаниясының иелігіне қалай өткенін анықтау үшін көлік полициясы бірнеше жыл бойы іздестіру жұмыстарын жүргізіп, халықаралық сұраулар жіберген.

Тегтер: тергеу BEK AIR ұшақ