10.11.2026, 16:40

«Қазақ тілі – болмысым»: Журналист Анна Данченко «Құрмет» орденімен марапатталды

Фото: Ақорда

Қуанышты жаңалығын ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Қазақстандық журналист әрі тележүргізуші Анна Данченко мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қуанышты жаңалығын ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Журналист бұл марапаттың өзі үшін орны бөлек екенін айтып, қуанышын марқұм ата-анасына арнады. Оның сөзінше, бүгінгі жетістіктеріне жетуіне ата-анасының ақ батасы, сенімі мен қолдауы себеп болған.

«Менің әрбір жетістігімнің артында олардың ақ батасы, маған деген сенімі мен шексіз махаббаты жатыр. Бүгінгі қуанышымды өздерімен бөлісе алмасам да, осы биікке жетуіме себепкер болған ең асыл жандарымның рухына тағзым етемін», – деп жазды Анна Данченко.

Сондай-ақ тележүргізуші өз бойындағы ұлттық құндылықтар мен қазақ тіліне деген құрметтің қалыптасуына қазақы ортаның ықпалы зор болғанын атап өтті. Ол мемлекеттік награданы осы тәрбиенің де жемісі деп қабылдайтынын жеткізді.

«Қазақ тілі мен үшін тек қарым-қатынас құралы емес. Ол – менің болмысым, жүрегімнің үні, өмірлік таңдауым», – деді журналист.

Айта кетейік, Анна Данченконың телевизия саласындағы еңбек жолы 2006 жылы Ақтөбедегі «РИКА ТВ» телеарнасынан басталған. Кейін «31 арнада» тілші, «Информбюро» бағдарламасының жүргізушісі, продюсері әрі авторы болды.

Көрермен оны «Айта берсін», «Жұлдызды шаңырақ», «Сәт сапар» секілді жобалар арқылы жақсы таниды. 2019 жылы Anna Danchenko Production продакшнын құрған. Бұдан бөлек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми-педагогикалық қызмет атқарады.

2026 жылдың қыркүйегінен бастап «Бірінші арна Еуразия» телеарнасындағы «QosLike» бағдарламасын жүргізіп келеді. Бұған дейін журналист «Шапағат» медалімен марапатталған.