10.11.2026, 16:20

Жетісу облысында төртем дүниеге келді

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Ата-анасы сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан есімдерін берген.

Жетісу облысында бірден төрт ұл баланы дүниеге әкелген 31 жастағы әйел перзентханадан салтанатты түрде шығарылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Осылайша, көпбалалы отбасының қатары тағы төрт баламен толықты.

Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында сирек кездесетін қуанышты оқиға тіркелді. Жетісу облысының тұрғыны төрт ұлды өмірге әкеліп, жеті баланың анасы атанды.

Төртемдер 24 қыркүйекте жүктіліктің 30 аптасы 6 күнінде кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Ата-анасы сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан есімдерін берген.

«Бірден төрт сәбиге жүкті екенімді естігенде, таңғалу, қуаныш пен қобалжу сезімдерін қатар бастан өткердім. Алдымда оңай кезең тұрмағанын түсінсем де, бәрі жақсы болатынына сендім. Маған және балаларыма қолдау көрсетіп, қамқорлық танытқан орталық дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз», – дейді анасы.

Мамандардың айтуынша, төртемге жүкті болу – сирек кездесетін әрі медициналық тұрғыдан аса күрделі жағдай. Сондықтан болашақ ана жүктіліктің 23-аптасынан бастап дәрігерлердің тұрақты бақылауында болған.

Мерзімінен бұрын босану қаупінің жоғары болуына байланысты медицина қызметкерлері ана мен балалардың денсаулығын жіті қадағалап, ықтимал асқынулардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдаған.

Бұл үдерісте акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен неонатологтар бірлесіп жұмыс істеді.

Медициналық орталық өкілдері мұндай күрделі жүктілікті аман-есен аяқтау дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен үйлесімді жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

Орталық ұжымы ана мен оның отбасын қуанышты оқиғамен құттықтап, төрт сәбиге мықты денсаулық пен бақытты балалық шақ тіледі.