07.11.2026, 18:30

Алматыда антибиотик еккеннен кейін 14 жастағы жасөспірім қайтыс болды

Фото: әлеуметтік желі

«Седьмой каналдың» мәліметінше, тамыз айының басында жасөспірімнің лимфа түйіндері ұлғайған. 

Алматыда 14 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ата-анасының айтуынша, бала антибиотик еккеннен кейін өзін нашар сезініп, жеті күннен соң ауруханада көз жұмған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Седьмой каналдың» мәліметінше, тамыз айының басында жасөспірімнің лимфа түйіндері ұлғайған. Ата-анасы оны бірнеше медициналық мекемеге көрсетіп, мамандар тағайындаған емді қабылдағанымен, жағдайы жақсармаған.

21 қазанда анасы ұлын Алматыдағы емханалардың біріне апарған. Инфекционист дәрігер антибиотик тағайындаған. Анасының сөзінше, препаратты бұлшықетке еккеннен кейін баланың жүрегі айнып, бүкіл денесі шаншып, жағдайы күрт нашарлаған. Кейін есінен танып, денесі құрыса бастаған.

Жасөспірім шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіліп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Алайда дәрігерлердің жеті күн бойы көрсеткен көмегіне қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.

Қайтыс болған баланың ата-анасы ұлына енгізілген препараттың нақты дозасын, медициналық процедураның талапқа сай жүргізілгенін және емхана қызметкерлерінің әрекетін тексеруді сұрап, полицияға арызданған. Сондай-ақ олар медициналық құжаттарда сәйкессіздіктер бар екенін алға тартады.

Алматы қаласының Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қажетті сараптамалар тағайындалған. Олардың қорытындысы бойынша процестік шешім қабылданады.