1934 жылы Алматыға оралып, сол жылы 60 жасында қайтыс болды.
7 қараша – Алаш қайраткері, қазақтың тұңғыш заң магистрі Жақып Ақбаевтың туған күні, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
1876 жылы бұрынғы Қарқаралы уезінің Берікқара болысындағы Мылбұлақ қыстағында ауқатты шаруа отбасында дүниеге келген. Омбы гимназиясын бітірген соң Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түскен. Қазақтар арасынан тұңғыш болып құқық магистрі ғылыми дәрежесін алған. Жақып Ақбаев 1905 жылғы 11 қазандағы патша манифесінің жариялануына байланысты сол жылдың 19-20 қазанында Омбы көшелерінде өткен шерулерге қатысты. Осыған қатысты оған айып тағылып, саяси көзқарасына байланысты сот мекемелеріндегі қызметінен босатылған.
Қарқаралыға оралған соң, 1905 жылғы 15 қарашада өткен шеруді ұйымдастырушылардың бірі болды. Осы оқиғадан кейін оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, өзі таңдаған жерде екі жыл бойы ашық бақылауда болу жазасына кесілді. Ол Жетісу облысындағы Қапал ауылын тұрғылықты мекені ретінде таңдады. 1910 жылы Ішкі істер министрлігі Ақбаевқа Семей және Торғай облыстарының аумағында тұруға тыйым салу туралы қаулы шығарды. Ол Қарағандыға қоныс аударып, кеншілер арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Кейін тұтқындалып, Семейге жіберілді. Ақпан революциясын Жақып Ақбаев Қарқаралыда қарсы алды.
1917 жылғы қазаннан бастап Қарқаралы уездік жер комитетін басқарды. Семейдегі сот органдарында қызмет етті. Кейін Оңтүстік Қазақстанда адвокат болып жұмыс істеді. 1929 жылы негізсіз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Воронежде айдауда болды. 1934 жылы Алматыға оралып, сол жылы 60 жасында қайтыс болды.