06.11.2026, 21:00

Болашаққа қамқорлық: Қостанайда мектеп аулалары баққа айналуда

Фото: Қостанай облысы әкімдігі

Қостанай қаласындағы №32 мектептің аумағында Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Менің аулам – менің бағым» облыстық жобасы шеңберінде тағы бір жеміс бағының негізі қаланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алма ағаштарын отырғызу шарасына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаров, оқушылар, педагогтер және Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жобаның басты мақсаты тек аумақты көгалдандырумен шектелмейтінін, сонымен қатар балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін, еңбекқорлығы мен қоршаған ортаға жауапкершілігін қалыптастыру екенін атап өтті.

«Туған жерге деген сүйіспеншілік құр сөзден емес, нақты істерден басталады. Өз қолыңмен ағаш отырғызу, оған күтім жасау, мектебіңнің аумағын абаттандыру – мұның бәрі туған өлкеңе деген қамқорлықтың нақты көрінісі», – деді ол.

Бүгінде жоба өңірдегі мектептерді, колледждер мен жоғары оқу орындарын қоса алғанда, 100-ден астам білім беру ұйымын біріктірді.

Жоспарланған 1 000 көшеттің орнына 2 500-ден астам ағаш пен бұта отырғызылды. Оның ішінде 2 100-ден астамы – алма ағашы. Мектеп бақтарында алмұрт, алхоры, шие және өрік ағаштары да өсетін болады.

Жобаның ерекше құндылығы – оның білім беру әлеуетінде. Мектеп бақтары балалар үшін жай ғана демалыс пен қарым-қатынас орны емес, нағыз зерттеу алаңына айналады. Мұнда оқушылар өсімдіктердің өсуі мен даму ерекшеліктерін бақылайды, топырақ пен климаттық жағдайлардың олардың жай-күйіне әсерін зерттейді, сондай-ақ биология, география және жаратылыстану сабақтарында алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдана алады. Мұндай тәжірибелік тәсіл оқу үдерісін көрнекі әрі қызықты етіп, оқушылардың зерттеушілік дағдыларын, танымдық қызығушылығы мен экологиялық мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ағаштарға бірлесіп күтім жасау балаларды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелейді.

Бұл бағытта мектептердің табиғат қорғау ұйымдарымен ынтымақтастығы да маңызды рөл атқарады. Мәселен, №32 мектеп пен Науырзым қорығы өзара әріптестік туралы меморандум жасасты.

Жобаның алдағы жоспары ауқымды. Алдағы бес жылда өңірдегі мектеп бақтарының санын 400-ге дейін, ал отырғызылған ағаштар санын 6 000-нан асыру көзделіп отыр. Бұл ретте басты міндет – ағаш отырғызумен ғана шектелмей, әрбір көшеттің жерсініп, өсіп-өнуін бақылап, оған тұрақты күтім жасау.

«Бүгін отырғызылған әрбір ағаш – болашақ ұрпаққа қалдыратын игі мұрамыз. Ең қуаныштысы, бүгін ағаш отырғызған оқушылар арада жылдар өткен соң өз балаларын осында ертіп келіп: «Бұл ағашты мен мектепте оқып жүргенде өз қолыммен отырғызғанмын» деп мақтанышпен айта алады», – деді Бақытжан Нарымбетов.

«Менің аулам – менің бағым» – қамқорлықты, ұрпақтар сабақтастығын және туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін жоба. Өйткені бүгін отырғызылған әрбір ағаш – балаларымызбен бірге қалыптастырып жатқан жасыл болашақтың кепілі.