Бұл туралы Үкіметтегі брифингте «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында Бас прокуратура тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы компания өкілдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жол сапасына қатысты айтқан сынынан кейін мәлімдеді.
Бұл туралы Үкіметтегі брифингте «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты.
Оның сөзінше, тексеру әлі жалғасып жатыр. Ал оның қорытындысымен компания басшылығы әзірге таныспаған.
«Қазір тексеру жүріп жатыр. Оның нәтижелерімен бізді әлі таныстырған жоқ. Тексеруді Бас прокуратура жүргізіп жатыр», – деді Дархан Иманашев.
Сонымен қатар ол жол саласы жұмысына қатысты айтылған ескертулермен келісетінін жеткізді. Қазір саладағы қордаланған мәселелерді шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.
Атап айтқанда, жол құрылысына қажетті карьерлерді анықтау мерзімінің тым ұзақтығы және құрылыс барысындағы техникалық бақылау жүйесіндегі олқылықтар қарастырылып жатыр.
«Техникалық қадағалау қызметінің жұмысы көңіл көншітпейді. Бұл мәселелер мойындалды. Жұмыс тобы аясында техникалық қадағалау міндеттерін Жол активтері сапасының ұлттық орталығына беру ұсынылды», – деді компания басшысы.
Дархан Иманашевтің айтуынша, жұмыс тобы әзірлеген ұсыныстар қараша айының соңына дейін Премьер-министрге таныстырылады. Олардың қатарында шұғыл шаралармен бірге ұзақ мерзімді шешімдер де бар. Бұл жұмысқа ғылыми қауымдастық өкілдерін тарту көзделген.
Компания басшысы негізгі міндеттер ретінде жол сапасын жақсарту, бақылауды күшейту және құрылыс мерзімін қысқартуды атады.